Шетелдегі азаматтарымыздың дауыс беруі жоғары белсенділікпен өтіп жатыр – СІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Орталық референдум комиссиясында өткен брифингіде шетелдегі қазақстандықтардың референдумда белсенді дауыс беріп жатқанын айтты.
«Азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған болатын. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307. Сағат 8.15-тегі жағдай бойынша, шетелде26 учаскелік референдум комиссиясы жұмысын бастады. 48 учаскенің ашылуы күтілуде. Жақын арада Орта Шығыс және Еуропа елдерінде орналасқан учаскелер өз жұмысын бастайды», - деді ол.
Вице-министр шетелдегі референдум учаскелерінің ішінде ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласныдағы учаске ашылатынын айтты.
«Жалпы шетелдегі азаматтарымыздың дауыс беру үрдісі жоғары белсенділікпен өтіп жатқанын байқап отырмыз. Уақыт айырмашылығына байланысты соңғы болып Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларындағы және Астана уақытымен сағат 20.00-де Сан Франциско қаласындағы референдум учаскелері жұмысын бастайды», - деді Роман Василенко.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.