Шетелдік БАҚ Пит Хегсеттің АҚШ қорғаныс министрі болып тағайындалуы туралы не дейді

Фото: Коллаж: Kazinform/ Pexels/ Wikipedia

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық БАҚ АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың FOX News арнасының жүргізушісі Пит Хегсетті АҚШ қорғаныс министрі етіп тағайындауына әртүрлі баға берді.

— Пит Хегсетті өз кабинетімде Қорғаныс министрі етіп тағайындағанымды жариялау мен үшін үлкен мәртебе. Пит қатал, ақылды және ең бастысы «Бәрінен бұрын Америка» принципіне кәміл сенеді, — деді Дональд Трамп.

Fox News

44 жастағы Пит Хегсет Ұлттық гвардияның ардагері, Ирактағы жаяу әскер офицері, Ауғанстанда көтерілісшілерге қарсы күрес жаттықтырушысы және Гуантанамодағы (Куба) Нью-Джерси армиясының ұлттық гвардиясында қызмет етті.

Хегсет үйленген,  жеті баланың әкесі. Теннессиде тұратын ол 2014 жылы FOX News тілшісі ретінде жұмыс істей бастады. «Жауынгерлермен соғыс» және «Заманауи жауынгерлер» бестселлер кітаптарының авторы.

Пит Хегсеттің әскери немесе ұлттық қауіпсіздік саласындағы басшылық тәжірибесі болмағанына қарамастан, кандидат ретінде ұсынылды.

Армияда қызмет еткен кезде Принстон мен Гарвард түлегі екі қола жұлдыз және жауынгерлік жаяу әскер белгісімен марапатталды. 

Associated Press

Дональд Трамп Пентагон мен қорғаныс әлемін таң қалдырып, Fox News арнасының жүргізушісі Пит Хегсетті қорғаныс министрі етіп тағайындап, әлемдік аренада тәжірибесі жоқ адамды әлемдегі ең үлкен және ең қуатты армияның тізгініне қойды.

Бұл жаңалық Вашингтондағы көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды. Өйткені Трамп ұлттық қауіпсіздіктің жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындаудан бас тартты.

Агенттіктің пікірінше, Трамптың Пит Хегсетті қорғаныс министрі етіп таңдауы әскерге түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, Агенттік Пит Хегсет әйелдердің ұрыстағы рөліне күмән келтіргенін және әскери қылмыс жасады деп айыпталған әскери қызметкерлерге кешірім беруді жақтағанын атап өтті.

44 жастағы Пит Хегсет, Дональд Трамптың «Бәрінен бұрын Америка» саясатын қолдайтын сенімді консерватор.

— Менің ойымша, Трамп өзінің қорғаныс министрлерімен күресуден шаршады және өзіне адал адамды таңдау керек болды, — деді стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Кансиан.

Әскери шенеуніктер бұл таңдау күтпеген жерден жасалғанын айтты. Аты-жөнін атамауды сұраған аға офицердің айтуынша, Пит Хегсетті таңдау — бюджеті 800 миллиард доллардан асатын ірі ведомствоны басқаруға оның тәжірибесі жете ме деген алаңдаушылық тудырады.

ABC News

Басылым Трамптың 2016 жылғы сайлау науқаны кезінде Пит Хегсет Дональд Трампты сыртқы саясатқа қатысты сынға алғанын атап өтті.

Бастапқыда Трампты сынаған Пит Хегсет 2016 жылғы жалпы сайлау кезінде Трамптың жағынаа шықты және теледидардағы оның ең белсенді жақтастарының бірі болды.

Дональд Трамп пен Пит Хегсет соңғы жылдары жақын қарым-қатынаста болды.

NPR

Капитолийдегі бірқатар республикашылдар ұлттық қауіпсіздік лауазымдарына танымал және жақсы қолдау тапқан кандидаттардың тізімінен кейін жарияланған хабарландыруға таң қалды. Өкілдер палатасының республикалық комитетінің төрағасы Пит Хегсеттің таңдалғанына таң қалып, оның есімі қарастырылатын тұлғалардың тізімінде жоқ болғанын айтты.

Дональд Трамп өзінің жаңа әкімшілігіндегі басшылық лауазымдарға адал одақтастарын тағайындауға назар аударуда, деп хабарлайды NPR.

Мәлімдемеде ол Пит Хегсеттің мансабын, соның ішінде Фокстағы жұмысын жоғары бағалап, ол өзінің «платформасын біздің әскерилер мен ардагерлер үшін күресу үшін» пайдаланғанын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Трамп Илон Маскты үкіметтік тиімділік департаментінің басшысы қызметіне тағайындағаны хабарланды.

Сондай-ақ, Илон Маск Дональд Трампты қолдау үшін 200 миллион доллар жұмсағаны белгілі болды.