Баладжи Сринивасан мұндай пікірді күні бұрын Сингапурда өткен Network State Conference 2026 халықаралық конференциясында айтты.
Оның сөзінше, венчурлық капитал мен стартаптар АҚШ-тан Қазақстанды қоса алғанда, технологияларды дамытуға ашық елдерге ауысып жатыр. Инвестор ел нарығына келген инвесторлар мен компаниялардың қатарында Uber және DoorDash-қа алғашқылардың бірі болып инвестиция салған Шервин Пишеварды, Polychain негізін қалаушы Олаф Карлсон-Виді және Binance криптобиржасын атады.
— Астана — қарқынды дамып келе жатқан қала. Ол — келесі Дубай мен Сингапур. Астана Батыста қалыптасқан түсінікке қарамастан, сапалы инфрақұрылымды әлдеқайда жылдам салуға болатынын дәлелдеп отыр. Сан-Францискода стартаптарға арналған инкубатор ашуға болса, Қазақстанда тұтас бір қаланы стартаптар инкубаторына айналдыруға болады, — деді ол.
Сингапурлық инвестор Қазақстанда криптоактивтер шығаруға, жасанды интеллектіні дамытуға арналған деректер орталықтарын салуға және халықаралық мамандарды тартуға мүмкіндік бар екенін де айтты.
— Дүние жүзінің басқа бөліктерінде мұндай жобалар қысқартылып немесе жабылып жатқанда, Қазақстан сияқты елдерде, әсіресе, Қазақстанның өзінде, олар іске қосылып жатыр, — деді Баладжи Сринивасан.
Инвестор Қазақстанның негізгі артықшылықтары ретінде ел басшылығының стартаптарға тән жылдамдықпен жұмыс істеуге дайындығын, ресурстар мен жердің қолжетімділігін, сондай-ақ білікті мамандарды әлемнің түкпір-түкпірінен тартуға мүмкіндік беретін икемді визалық саясатты атады. Оның айтуынша, бұл АҚШ-та көші-қон ережелері қатаңдап жатқан кезеңде ерекше маңызды.
Еске салайық, бұған дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығында қалыптасқан құқықтық орта мен цифрлық активтерді дамытуға жасалған жағдай шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығын арттырып отырғанын хабарлаған едік.