Шығын 672 млн теңге: Ақтөбеде кезекте тұрғандарды баспанамен қамту ісі сотқа түсті

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сотқа бұрынғы депутаттар Бақытжан Қадралин, Азамат Жәлімбетов пен Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әнес Сейілханға қатысты іс түсті. Әзірге сот отырысының қай уақытта басталатыны белгісіз. 

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы бес қабатты ғимаратты қайта жөндеп, кезекке тұрғындарға беру жобасы аяқсыз қалды. Әкімдік пен мердігер 2023 жылы өзара келісіп, 70 пәтерді беруді жоспарланды. Алайда Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады. Кейін қателікті түзетуге ұсыныс беріліп, ақшаны кері қайтару туралы шешім шығарылды. 

Арада бір айға жуық уақыт өткенде үй де, ақша да жоқ екені анықталып, іске сол кезде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті араласты. Бүгінде іс сотқа түскен. 

– Қылмыстық іс Мұғалжар аудандық сотына түсті. Іс қабылданған соң толық ақпарат беріледі, - деді Ақтөбе облысынық сотының баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, осы оқиғадан кейін Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов қатаң сөгіс алды.