Үй де, ақша да жоқ: Ақтөбеде кәсіпкер бюджет шығынын ақыры өтемеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік кәсіпкер кезекте тұрғандарға дайын үй беремін деп әкімдіктен ақша алып, келісімшарт міндеттерін толық орындамады. Сот бюджет шығынының орнын толтыруға үкім шығарғанымен, кәсіпкер өтемеді.
Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 5 қабатты үй әлі бос тұр. Бұл үйді тапсыруы тиіс жеке кәсіпкер Ақсезім Әбдікәрімнің ісі сотта қаралып, оған 672 млн теңге шығынды қайтару туралы үкім шықты. Кейін бюджетке 359 млн теңге аударылғаны белгілі болды. Бірақ бұл да заңға қайшы.
- Ақсезім Әбдікәрім сот шешімін орындау үшін 359 млн теңге бюджетке аударған. Бірақ ол өз атынан емес, өзгенің есепшотынан жіберді. Әділет департаменті заңсыз деп кері қайтарып жіберген. Сөйтіп бюджетке ештеңе түспеген. 0 теңге болып тұр. Жағдай қиындап кетті,- деді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов. Осы оқиғадан кейін Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов қатаң сөгіс алғаны белгілі.
Айта кетейік, бұл істің Антикорға түскен, түспегені әзірге белгісіз.
Еске салсақ, Қандыағаш қаласында тұратын адамдарды баспанамен қамту мақсатында бюджеттен 672 млн теңге қарастырылады. Бұл қаржы жеке тұлғаға аударылған. Себебі ол 5 қабатты үйді дайын күйінде тапсырып, ал әкімдік оны сатып алуы тиіс еді. Құжаттар дәл осылай көрсетілгенімен, іс жүзінде бірнеше заңсыздық анықталды.