Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы үйқамаққа алынды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде сегіз адамның зардап шегуіне байланысты концерт ұйымдастырушысы екі айға үйқамаққа алынды. Тергеу судьясы оны қамауда ұстауға санкция беруден бас тартты. Прокуратура бұл шешімге шағым түсірмек.

Фото: Freepik

Шымкент қаласының прокуратурасы мәлім еткендей, тергеу органы күдіктіні қамауда ұстау туралы өтінішхат берген. Алайда сот басқа бұлтартпау шарасын таңдаған.

— Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхатты санкциялаудан тергеу соты бас тартты. Күдіктіге екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, — деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.

Қадағалау органы сот шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.

Прокуратураның түсіндіруінше, прокурордың өтінішхаты түскеннен кейін облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы үш тәуліктен кешіктірмей қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді. Апелляциялық тәртіппен қарау нәтижесінде шығарылған шешім жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді.

Бұған дейін концерт ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. 

Күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейді. Аталған құқық бұзушылық үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Еске салайық, 10 қазан күні кешке Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионға кіреберісте Қайрат Нұртастың «Сахнада 20 жыл» атты концерті алдында жұртшылық шамадан тыс шоғырланып, салдарынан көрермендер зардап шекті. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінді. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың жетеуі үйіне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауыр халде ауруханаға жатқызылды. 

Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны стадионның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнген.