ІІМ тергеу департаменті қылмыстық істерді тергеу кезінде заңды қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып отыр.
— Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыстық істерді тергеу кезіндегі заңдылықты қамтамасыз ету, қылмыстармен келтірілген залалды өтеу, кінәлілердің жауапкершілігінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Бүгінде профилактикалық жұмыстың тиімді тетіктерінің бірі — Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабында көзделген ұсыну енгізу институты. Жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыну енгізілді, — деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Оларды қарау нәтижесімен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бойынша нақты шаралар қабылданды: әлеуметтік жағдайы қолайсыз аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында қосымша екі мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылды; жол-көлік оқиғалары жиі болатын 155 қауіпті аймақта инфрақұрылым жақсартылып, жарықтандыру жүйелері, бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбалары орнатылды; 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күзет жүйелері жаңартылды; білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық шаралар өткізілді.
— Сонымен қатар қайта қылмыс жасаған шартты түрде сотталған сегіз адам жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді. Заңсыз қызметпен айналысқан төрт субъектінің жұмысы тоқтатылып, 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу қойылды. Нақты мысалдардың бірі — биыл қаңтар айында болған бұзақылық фактісі бойынша жүргізілген тергеу нәтижесінде Павлодар қаласында лаундж-барлардың бірінің қызметі тоқтатылды. Қарағанды облысында Ақсу-Аюлы — Балқаш автожолында орын алған, кәмелетке толмаған баланың қаза болуына әкеп соққан жолаушылар автобусының өртену фактісі бойынша тергеушінің ұсынуы негізінде жолаушылар автобустарына жаппай тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 199 автобус жүргізушілері мен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 55-і салондарды тиісті рұқсатсыз жатын орындарға қайта жабдықтағаны үшін жауапқа тартылды. Ұсынуларды қарау нәтижесімен қылмыстардың жасалуына ықпал еткен әрекетсіздігіне байланысты екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ оларды қарау жөнінде тиісті шаралар қабылдамағаны үшін 500-ден астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді спикер.
Ведомство жәбірленушілерге келген шығынды өтеу мәселесіне ерекше назар аударуда. Бүгінде аяқталған қылмыстық істермен келтірілген жалпы шығын көлемі 72 млрд теңгеден асты. Оның 34 млрд теңгесінің өтелуі қамтамасыз етілді. Мысалы, Астана қаласында интернет-алаяқтық фактісі бойынша 111 азамат зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі 140 млн теңгеден асты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен жәбірленушілерге келген шығын толық көлемде өтелді. Шығынның өтелуін қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, Алматы облысында алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.
— Азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерінің бірі — Зардап шеккендерге өтемақы қоры жұмыс істейді. Өтемақы алу құқығы қылмыстың 124 құрамы бойынша көзделген. Төлем көлемі 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Қор жұмысы басталғаннан бері бес мыңнан астам жәбірленушіге жалпы сомасы 831 млн теңгеден астам төлем жасалды, — деді Самат Аисов.
Болашақ тергеушілер мен анықтаушыларды даярлауға және кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыс ведомстволық білім беру жүйесі арқылы және азаматтық жоғары оқу орындарының заң факультеттерімен бірлесіп жүргізілуде. Жас мамандарды тарту және оларды ерте кезеңнен кәсіби бағыттау мақсатында 2019 жылдан бері заң факультеті студенттері үшін дуальды оқыту бағдарламасы іске асырылып келеді. Бүгінде жоғары оқу орындарымен 40 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, 1524 студентті біріктіретін 47 студенттік клуб жұмыс істейді. 100-ден астам түлек диплом алғаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
— Көріп отырғанымыздай, атқарылып жатқан жұмыс ауқымды бағыттарды қамтиды. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу, зардап шеккендердің шығынын өтеу және ішкі істер органдары үшін болашақ мамандарды даярлау жұмыстарын қамтиды. Қабылданып жатқан шаралар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Айта кетейік, бұған дейін терроризмге қарсы қорғау талаптарын бұзғаны үшін 263 басшы жауапкершілікке тартылғанын жаздық.