ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында мектеп іші түтіндеп, 500-ге жуық оқушы далаға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 қыркүйек күні сағат 09:57-де Риддердегі мектептердің бірінің ішін түтін басты. Оқиға орнына құтқарушылар шақырылды. Олар келіп жеткенше мұғалімдер ұйымдасқан күйде 500-ге жуық оқушыны далаға шығарған.
«Анықталғандай, 2-қабатта орналасқан ас үй бөлмесіндегі пеш үстінде майдың қалып қоюынан түтін шыққан. Абырой болғанда, өрт болмады. Зардап шеккен ешкім жоқ», - делінген ақпаратта.
ТЖД қызметкерлері ауаны тазартқан соң оқушылар мектепке кіріп, сабақтарын қайта жалғастырды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.