ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын еске салып жатыр.
— Олар мұржаларды үнемі тазалап, пештердің жарамдылығын тексеруге, олардың шамадан тыс қызуына жол бермеуге және қараусыз қалдырмауға кеңес беруде. Электр құралдарын пайдаланған кезде желіге шамадан тыс жүктеме түсірмеу, ақаулы розеткалар мен қолдан жасалған жылытқыштарды пайдаланбау маңызды. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, оларды жұмыс істеп тұрған жылыту құралдарының жанында жалғыз қалдырмау қажет, — делінген ақпаратта.
Мамандар түсі мен иісі жоқ улы газды анықтау үшін арнайы датчиктер орнатуға да кеңес береді. Жылыту маусымы басталғалы бері профилактикалық іс-шаралар 27 мыңнан астам үй мен ауланы қамтыды. Облыстың 70 мың тұрғынына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
— Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биылғы жылыту маусымында есепке алынған 2 758 үйдің барлығы улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған. Соңғы бес жылда өңірде осындай 17 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Датчиктердің уақтылы іске қосылуының арқасында 42 адам, оның ішінде 34 бала құтқарылды, — делінген хабарламада.
2026 жылғы 1 қазаннан бері өңірдің тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Оның 24-і пешті пайдалану талаптарын бұзудан, 19-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден, тағы 15-і электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі талаптарды сақтамаудан болған. Өрт санының ең көп өсуі Өскемен қаласында, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында байқалды.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыдағы ең көне спорт оқу орындарының бірінің ғимараты өртенгені хабарланған.