Қазіргі уақытта мамандар кешендегі жер қазу жұмыстарының сипаты мен келтірілген ықтимал залалды бағалау үшін тағайындалған сараптамаларды жүргізіп жатыр. Ал оқиғаға қатысы бар азаматтар қосымша құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылған.
— Атап айтқанда, техниканы тізгіндеген жүргізушілерге көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Ал арнайы техника тәркіленіп, айып тұрағына қойылды. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайларын жариялауға тыйым салынған, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Еске салсақ, оқиға 13 қарашада «Шағаноба» археологиялық кешені аумағында болған. «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканы пайдаланып, бұған дейін қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабымен археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал полиция сақ қорғандарын қазғандардың кінәсі әзірге дәлелденбегенін мәлімдеді.