Жылыту маусымы басталғалы бері облыстың тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Соның салдарынан 5 адам қаза болды.
Тіркелген өрттердің 28-і жеке тұрғын үйлерде, тағы 37-сі аулалар мен шаруашылық қора-жайларда болған. Өрт қаупін азайту мақсатында өңірде тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.
— Бүгінде мұндай іс-шаралар 27 мың тұрғын үй мен аулада өткізілді. 70 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Шығыс Қазақстанда пешпен жылытылатын, осы санаттағы отбасылар тұратын 2 758 үй есепке алынған. Олардың барлығы улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған, — деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Соңғы бес жылда өңірде 17 мыңнан астам осындай датчик орнатылып, олардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 42 адам аман қалған.
Өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып келеді. Соңғы үш жылда жалпы құны 9 млрд теңге болатын 114 арнайы техника сатып алынған. Алтай ауданында әмбебап өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Өскемен әуежайында авиациялық техникаға арналған ангар салу қолға алынған.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі саяжайда өрт шығып, бір адам көз жұмғаны хабарланған.