Щучинск кафесіндегі жарылыс: үш сотталушыға сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бурабай аудандық сотында Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылысқа қатысты іс бойынша үкім жарияланды. Төтенше жағдай салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам зардап шеккен еді.

Фото: Pixabay.com

Еске салайық, сотта үш сотталушы болды. Олар – кафені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізуші.

Соттағы соңғы сөзінде кафені жалға алушы Ақмола облысының тұрғындарына бірнеше жыл бойы көрсеткен көмегі туралы айтты. Қайғылы оқиғадан кейін де зардап шеккендерге көмек көрсеткенін атап өтті. Жараланғандар жүгінетін арнайы орталық ашқанын, тәулік бойы байланыста болғанын, ауруханаға дәрі-дәрмек жеткізгенін еске салды.

– Сот талқылауы барысында менің кінәм кафенің қызметін тиісті деңгейде бақыламағанымда, атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағаламағанымда екенін түсіндім. «Центр плова» мекемесінің барлық құжаттары мен жұмысын басқарушыға сеніп тапсырдым, өйткені оның жауапкершілігіне үміт арттым. Болған жағдай үшін баршаңыздан кешірім сұраймын. Бұған шын жүрегіммен өкінемін. Зардап шеккендердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, көмектесе беремін, – деді ол.

Автожанармай құю станциясы директоры да соңғы сөзінде жәбірленушілерден кешірім сұрады. Алайда сот қарауы нәтижесін тілге тиек етті. Оның сөзінше, сыртқы әсер салдарынан газ баллоны жарылып, өрт содан шықққан.

– Барлық сарапшы мен маман сот залында тіпті шамадан тыс толтырылған баллонның өзі тек сыртқы жылу әсерінен ғана жарылуы мүмкін екенін айтты... 25 ақпанда «Шерол» автожанармай құю станциясында тұрмыстық газ баллондарын толтыру фактісі 26 ақпанда «Центр плова» кафесінде шыққан өртке себеп болған жоқ, – деп түсіндірді ер адам. Ол соттан өзін ақтауды сұрады.

Ал газ баллондарын жеткізуші қысқа ғана сөйлеп, соттан болған жағдайға әділ әрі заңды баға беруді өтінді.

Бурабай ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Досболов кафені жалға алушы мен автожанармай құю станциясы иесіне жеті жыл, ал газ жеткізушіге алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Бурабай аудандық сотының судьясы Әсел Ілиясова үкімді жариялады.

Кафені жалға алушының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты адамның оларды бұзуы салдарынан абайсызда ауыр зардаптарға, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге, сондай-ақ екіден астам адамның өліміне әкеп соғу) сараланды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, кәсіпкерге үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында қызмет етуге тыйым салынды.

Автожанармай құю станциясы директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі (тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету, соның салдарынан абайсызда екіден астам адамның денсаулығына зиян келтіру, сондай-ақ адамның өліміне әкеп соғу) бойынша сотталды. Оған да жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Газ баллондарын жеткізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды. Әр жәбірленушіге 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу белгіленді.

Үкімге 15 тәулік ішінде шағым беруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін Щучинскіде кафеде газ қоспасы жарылғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, Щучинскідегі жарылыста оқиға қалай өрбігенін түсіндіргенбіз.

Ал Щучинскідегі өрттен қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден төленді.

Одан бөлек, Щучинскідегі қайғылы оқиғадан кейін әкімдік газ баллондарын тексеруді күшейтті.