Шымкент әкімі наразылық танытқан Арыс тұрғындарымен кездесті

ШЫМЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов наразылық танытқан Арыс тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Шымкент қаласының əкімі Ғ.Əбдірахымов Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы Арыс қаласын қалпына келтіру ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес Үкіметтің тұрақты назарына алынғандығын мəлімдеді. Барлық тұрғындарға ел болып көмек көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Шымкент қаласының тұрғындары да эвакуацияланған азаматтарға барынша қолдау білдіріп, көмек беріп жатқандығын түсіндірді», - деп атап өтеді Шымкент қаласының әкімдігінен.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, Шымкент әкімі қала аумағында 56 эвакуациялық пукттер ашылып, оларда барлығы 39400 азамат тіркелгенін атап өткен.

«Эвакуациялық пункттердің барлығына бірінші кезектегі тауарлар мен азық-түлік тауарлары тұрақты жеткізіліп отырғандығына назар аударды. Жолды жабу арқылы Шымкент қаласы аумағынан жер, үй талап ету ешбір заңға сəйкес келмейтіндігін айтып, наразы халықты сабыр сақтауға шақырды», - делінген таратылған ақпаратта.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.