Сырдарияда 2019 жылдан бастап су күрт азайды — инспекция басшысы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сыр бойының гидрологиялық ахуалы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Ол туралы пессимистік болжам бұрыннан айтылып жүр. Орталық Азиядағы ең ірі өзеннің қазіргі жағдайы, оны сақтап қалудың жолы қандай? Kazinform осы орайда Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғановпен сұхбаттасты.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Сырдарияның су қоры қалай реттеледі? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Өзіңіз білетіндей, Қырғызстан аумағынан бастау алатын Нарын өзені Өзбекстандағы Қарадария өзеніне қосылып, нәтижесінде Сырдария өзені қалыптасады. Сырдария өзені өз ағысы барысында Тәжікстан аумағындағы Бахри Точик (Қайраққұм) су қоймасы арқылы өтіп, кейін Өзбекстан аумағы арқылы ағып, Қазақстандағы Шардара су қоймасына құяды. Нарын-Сырдария каскадында Шардара су қоймасынан жоғары 4 су қоймасы бар. Жалпы сыйымдылығы – 26,6 млрд. текше метр. Олар – Қырғызстандағы Тоқтағұл, Өзбекстандағы Әндіжан және Шарбақ, Тәжікстандағы Бахри Точик су қоймалары, қазіргі таңда аталған су қоймаларында жинақталған су көлемі 12,5 млрд. текше метр (жалпы сыйымдылықтың 47 %-ы) , былтырғы жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. текше метр аз. Қазақстандағы Шардара су қоймасы мен Көксарай қарсы су реттегішінде жиналған су көлемі – 6,2 млрд. текше метр. 

Фото: Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы

Шардараға секундына 541 текше метр су түсіп жатыр. Арал-Сырдария бассейнінде Шардара және Көксарай қарсы су реттегішін қоспағанда 36 су қоймасы бар. Инспекция Созақ ауданын есепке алмағанда Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Қызылорда облысының аумағындағы су ресурстарын пайдалануды реттейді. Қызылорда облысында жалпы сыйымдылығы 34,7 млн.м3 құрайтын 6 су қоймасы орналасқан. Оның 5-і Жаңақорған, 1-і Арал аудандарында. Бүгінгі күні осы су қоймалары 37%-ға толған, яғни 12,8 млн текше метр су жиналған. Қазір барлық су қоймасында көктемге су жинау жұмыстары жүріп жатыр.

– Қазір облысқа қанша көлемде су келіп жатыр? Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл ақпанда судың келуінің пессимистік сценарийіне сай әрекетке көшкенін білеміз.

– Көктөбе су бекеті арқылы біздің облысқа секундына 177 текше метр су келіп, көлдер жүйесіне, шабындықтар мен Арал теңізіне бағытталуда. Судың бір жылдары мол, бір жылы аз болуы жауын-шашынға байланысты. Сырдария өзенінде судың азаю процесі 2012 жылдан басталды. Ал 2003-2019 жылдар аралығында Шардара су қоймасына жылына 15 млрд. текше метрден аса су түсті. Шардара су қоймасына жылына 20 млрд. текше метрден астам су келген уақыттар болды. Соңғы кездері бұл көрсеткіш 12-13 млрд. текше метр шамасында. Судың ең аз келген жылы - 2021 жыл, небәрі 10 200 млрд. текше метр болды. Сырдария өзенінің су қоры 37 млрд. текше метр болса, оның ішінде Қазақстан Республикасына жыл сайын 12 млрд. текше метр, ал су аз жылдары 10 млрд. текше метр белгіленген.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Күріш егуге бейімделген Сыр өңірі оның көлемін жыл сайын азайтуға мәжбүр болып отыр. Суды үнемдеудің тағы қандай жолдары бар?

– Облыста бұған дейін 86 мың гектардан аса күріш дақылы егіліп келсе, былтыр 81 мың гектарға дейін қысқарды. Сырдария мен Әмудария бойында орналасқан 5 мемлекеттің Су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы жылына екі рет өтеді. Оның бірінде вегетацияға, екіншісі вегетациядан тыс, яғни қысқы мезгілде бөлінетін су көлемі жөнінде болжам жасалады. 2025 жылдың қараша айында осы комиссияның 91-отырысы өтті. Сол кезде болжанған су көлемінің қазіргі күні Шардара су қоймасына 95%-ы келді. Болжанып отырған су көлемі бұрынғы жылдармен салыстырған 1,0 млрд. текше метр кем. Болжанған су көлеміне талдау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазсушар» РМК Түркістан, Қызылорда филиалдарымен күнделікті бірлесіп, су тапшылығын алдын алу мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайтып, егін шаруашылығын әртараптандыру — суды үнемдеуге бағытталған шаралар қабылдау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қызылорда облысында күріш көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту көзделіп отыр. Тамшылатып суару әдісіне көшіп, оның орнына жүгері егу мүмкіндігі қарастырылды. Өткен жылы өңірде 81 мың гектарға күріш егілсе, 60 мың гектарға дейін лазерлік тегістеу жұмысы жүргізілді. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Суды тиімді пайдаланғаны үшін егін шаруашылығымен айналысатындарға мемлекеттен 80%-ға дейін субсидия беру көзделген. Былтыр Қызылорда облысында 8,1 гектарға дейін су үнемдеу технологиясы қолданылып егін егілді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Су туралы сөз болғанда Кіші Арал мәселесін айналып өте алмаймыз. Оның қазіргі күйі қандай?

- 2006 жылы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде Көкарал бөгеті салынып, оған су жинау басталды. Сол кезде 3-4 жыл ішінде су толады деп болжанған. Кейбір жылдары су көп болып, тіпті одан да жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, артық суды үлкен теңізге тастауға мәжбүр болдық.

Қазіргі уақытта жинақталған су көлемі – 23,08 млрд. текше метр. 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Кіші Аралдағы су деңгейін 44 метрге жеткізу жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, құжаты дайын. Қаржы көздері нақтылануда

– Ал теңіздің тұздылығы қандай? Балықтың тіршілік етуіне қолайлы ма?

– 2025 жылдың қорытындысымен Кіші Арал теңіз суының орташа жылдық тұздылығық мөлшері - 8,8 г/л (‰). Бұл — орташа көрсеткіш. Егер тұздылығы орташа 14-15 ‰ асса асып кетсе, балықтың тіршілік ету ортасы қолайсыз болады.

Фото: Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы

Еске салайық, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Сырдариядан келетін судың азайып жатқанын «объективті шындық» деп сипаттаған еді.