Сирия «Ислам мемлекетіне» қарсы коалицияға қосылатынын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Сирия «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы халықаралық коалицияға қосылуға ниетті. Бұл туралы АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі растады, деп хабарлайды ВВС.
Сирия билігінің бұл жоспары туралы мәлімдеме дүйсенбі күні Ақ үйде өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сирия президенті Ахмед аш-Шараа арасындағы кездесуден кейін белгілі болды.
Сирия коалицияға қосылатын 90-шы мемлекет болмақ. Ұйымның басты мақсаты — «Ислам мемлекетінің» қалған жасақтарын жою және Таяу Шығысқа шетелдік содырлардың келуін тоқтату.
Fox News телеарнасының Special Report бағдарламасына берген сұхбатында аш-Шараа бұл сапар оның елі мен АҚШ арасындағы «жаңа дәуірдің басталуын» білдіретінін атап өтті. Өз кезегінде Трамп сириялық әріптесіне қолдау білдірді.
Айта кетсек, бұл екі ел басшыларының биылғы үшінші кездесуі. Бұған дейін олар мамыр айында Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің саммиті аясында және қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясы кезінде өткен ресми қабылдауда жүздескен еді.
Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шарааның Ақ үйде кездескенін жаздық. Ал Трамп АҚШ Сирияның табысқа жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеді.