СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда өткен рейд барысында полицейлер жеңіл автокөлікті тоқтатқан. 51 жастағы қала тұрғынының құжаттарын тексеру кезінде оның көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Ол осыдан екі апта бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Алайда жазасын өтеп, қамаудан босап шыққан жүргізуші тиісті қорытынды жасамаған. Бостандыққа шыққан күні-ақ қайтадан көлік тізгініне отырған.
Бұл жолы құқық бұзушыға айыппұл салынды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқ адам көлік жүргізген жағдайда 50 АЕК, яғни 216 мың теңге мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Полицейлер көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рульге қайта отыруы тек заң бұзушылық қана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнетін қатер екенін ескертеді.
СҚО-да жолдарында биыл 37 адам мерт болып, 621 адам түрлі дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен болған.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған 335 адам ұсталған.
Бұған дейін Алматыда өрт сөндіру көлігі жол апатына ұшырап, бір адам мерт болғанын жазған едік.