СҚО-дағы қоқыс полигондарының көбі рұқсатсыз жұмыс істеп тұр

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының басым бөлігінде заңды рұқсат құжаттары жоқ. Бұл жөнінде еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында қазір қатты тұрмыстық қалдықтардың 450 полигоны бар.

Соның тек 352-сінің ғана жер актісі ресімделген. Ал қалған 98 нысан бойынша құжаттар жоқ.

Бұдан бөлек, небәрі 10 полигон ғана қалдықтарды көмуге экологиялық рұқсат алған. 

Облыс орталығы Петропавлдағы жағдай да мәз емес. Мұндағы полигон толуға жақын қалған. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Қаланың негізгі қоқыс полигоны «Қызылжар Тазалық» ЖШС-на тиесілі. Бұл нысанның жобалық қуаты — шамамен 1,5 млн тонна. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша полигон 92% толған. Кәсіпорын I санаттағы нысан ретінде экологиялық рұқсат алған, 61 380 тонна төгуге ғана рұқсат етілген, — делінген ресми жауапта. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Осыған байланысты Петропавлда жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған. Бұл мақсатқа Мамлют ауданы Якорь елді мекені маңында арнайы жер учаскесі де бөлінді

Ведомствоның мәліметінше, жоспар аясында «Қызылжар Тазалық» ЖШС полигонын рекультивациялау 2026 жылға жоспарланған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Сонымен қатар 2027 жылға дейін облыстың сегіз ауданы — Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов және Мағжан Жұмабаев аудандарында — жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары салынбақ.

Бұған дейін елдегі полигондарда 125 млн тонна қоқыс жатқанын жазған едік. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform