Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирде тағы да чемпион атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі, әлемнің 450-ракеткасы, 20 жастағы Соня Жиенбаева Виго (Испания) ITF W35 турнирінде үздік шықты.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 332-ракеткасы, қытайлық Юфэй Ренмен бас жүлде үшін таласты. 

Бірінші партияда тай-брейкте Жиенбаева табандылық танытты — 7:6 (8:6).

Соня екінші сетте де есесін жібермеді — 7:5.

Тартысты өткен финалдық бәсеке 1 сағат 46 минутқа созылды. 

Сөйтіп Соня Жиенбаева Испанияда қатарынан екі жарыста чемпион атанды. Ол өткен аптада Оренсе (Испания) ITF W75 жарысында қарсылас шыдатпаған еді. Соның нәтижесінде ол әлемдік рейтингіде 738-ден 450-орынға көтерілген еді. Енді Вигодағы титулына сәйкес рейтингілік көрсеткішін бұрынғыдан да жақсартады.

Қос турнирді есептегенде, Соня Жиенбаева жеңіс сериясын 10 матчқа жеткізді. 
Қазақстандық теннисші Вигода жұптық сында да сәтті өнер көрсетіп, ресейлік Екатерина Яшинамен бірге финалға дейін жетті. Тек соңғы бәсекеде ғана нидерландылық Аранча Рус — испаниялық Виктория Гомеске есе жіберді — 3:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Асылжан Арыстанбекованың екінші рет Астана турнирінің финалына өткенін жазған едік. 

Сондай-ақ Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирлерде екінші рет финалға шықты.