АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева жұптық сында Элвас (Португалия) ITF W50 турнирінің жартылай финалына шықты.
Кеше 20 жасқа толған қазақстандық теннисші литвалық Ивета Дапкутемен бірге ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, словакиялық Катерина Кузмова — нидерландылық Стефани Джудит Виссхермен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда словакиялық-нидерландылық жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Соня мен Ивета есе қайырды — 6:2. Содан кейін супер тай-брейкте сәтті ойнады — 10:6.
Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.
Соня Жиенбаева — Ивета Дапкуте финалға шығу үшін үндістандықтар Вайшнави Адкар — Рутуя Бхосалемен таласады.
С.Жиенбаева жекелей сында алғашқы айналымда дәл осы В.Адкарға есе жіберген еді — 2:6, 6:4, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Анна Данилинаның жұптық сында Юлия Путинцеваны ұтқанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина орталық кортта қарсыласын ойсырата ұтты.
Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).