Жаңа өзгерістерге сәйкес, сот үкімін немесе қаулысын алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жергілікті әкімдік:
- сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамға пайдалы жұмыс түрін айқындайды;
- қоғамдық жұмысты ұйымдастыру туралы өкім шығарады;
- пробация қызметіне үкімнің немесе сот қаулысының алынғаны туралы және қоғамдық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі өкімді жолдайды.
Сондай-ақ әкімдік:
- сотталған адамды арнайы киіммен (жилет) сондай-ақ қоғамдық жұмысты істеуге қажетті құрал-жабдық, өзге де керек-жарақпен қамтамасыз етеді;
- пробация қызметіне атқарылған уақыт есебінің табелін, істелген жұмыс актісін және сотталған адамның тәртібі туралы ақпарат жолдайды;
- сотталған адамның қоғамдық жұмысты істеуден жалтару фактісі туралы пробация қызметін хабардар етеді.
Айта кетерлігі, сотқа дейінгі пробация күдіктілер мен айыпталушыларға қатысты ерікті негізде қолданылады. Оған кімдер жатады:
- кәмелетке толмағандар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
әйелдер:
– 58 жас және одан асқандар;
– жүктілер;
– үш жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырғандар;
ерлер:
– 63 жас және одан асқан;
– үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандар.
Құжат 2025 жылғы 14 қазаннан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, былтыр елімізде қоғамдық жұмыстан жалтарғандарға қатысты заң талабы күшейтілді.