Себебі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шетелдік спутниктік байланыс жүйелерін пайдалануға тыйым салуға көшкен. Тізім ішінде Starlink те бар. Kazinform тілшісі «Ауыл мектептері Starlink жүйесін пайдалануды тоқтата ма?» деген сауалға жауап іздеді.
1811 мектеп Starlink желісін қолданады
Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін барлық мектепті жылдам интернетпен қамтуға тапсырма бергені есте. Содан бері жауапты министрліктер түрлі жоба ұсынып, шалғайдағы ауылдарға интернет жеткізудің сан әдісін қараумен әлек. Бір шешім ретінде Starlink геостационарлық емес байланыс жүйесін енгізу қарастырылып, 1 811 мектеп интернетке қосылды.
Алайда қоғамға әлі де болса бұл шешімнің құқықтық негіздемесі түсініксіз. Олай дейтініміз, аталған компания өнімін Қазақстанға әкелуге қатысты мемлекет позициясы нақтыланбады, солай бола тұра бір сәтте мыңдаған мектепке Starlink-ті орнату қисынсыз көрінген. Оған қоса, өткен жылдың соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тақырыпқа қатысты бұйрық жобасын шығарғаны бар. Онда елден тыс жерде орналасқан Thuraya, Iridium, Inmarsat, Starlink спутниктік байланыс жүйелерін әкелуге және пайдалануға тыйым қарастырылыпты. Министрлік шектеу ауыл мектептеріне қосылған интернетке әсер етпейді дегенімен, жобаның келер жылғы келешегіне қатысты тұжырым айта алмай отыр.
Ауыл мектебі: жылдамдық пен баға бағдары
Қазақстанда 8 мыңға тарта мектеп болса, соның 70 пайызға жуығы - ауыл мектебі. Оқу-ағарту министрлігі білім ошақтарын сапалы интернетпен қамту ілгерілегенін айтады – меже 90 пайызға жеткен. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл дерекпен келіспейді, олардың сөзінше, көрсеткіш 99 пайыз болуы керек. Тіпті, Starlink-ті қолданатын мектептер саны Оқу-ағарту министрлігі көрсеткендей 1 811 емес. Анағұрлым аз, яғни 1 678 мектеп қосылған.
«Starlink технологиясы арқылы интернет желісіне 1 678 мектеп қосылып тұр. Қазір Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп мектептер тізімін өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте қосылған 1 678 мекепте сервис одан әрі ұсынылатын болады. Сонымен қатар өзектендірілген тізімде қосымша 90-ға жуық мектеп қарастыру жоспарланды.
Жалпы, 5 247 ауылдық мектептің 5 222-сі интернет желісіне қосылған. Қосылу технологиясына байланысты интернет жылдамдығын атасақ: 4 мбит/с дейін – 12 мектеп; 4-8 мбит/с дейін – 49 мектеп; 8-20 мбит/с дейін – 396 мектеп; 20-100 мбит/с дейін – 2 576 мектеп; 100-200 мбит/с дейін – 2 026 мектеп; 200-300 мбит/с дейін – 149 мектеп; 300 мбит/с жылдамдықтан жоғары – 14 мектеп», – делінген ресми ақпаратта.
SpaceX компанясының қай жобасы болсын, арзан емес. Осы орайда, Starlink жүйесін енгізу Қазақстанға қаншаға түскенін білгіміз келді. Алдын ала дерек өткен жылы тараған болатын. БАҚ-та Илон Масктің интернеті ел қазынасын 5 млн долларға кемітеді деп болжанды. Starlink терминалының нарықтық құны 2,5 мың доллар болса, ай сайынғы абоненттік төлем ؘ- 140 мың теңге. Мұны сала министрі Жаслан Мәдиев растап, әр мектепте компанияның бір терминалы орнатылатынын әрі ортақ тариф енгізілгенін жеткізген.
Қазіргі төлем де шамамен сол деңгейде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі редакцияға берген мәліметінде айлық тариф құнын 1 мектеп үшін 149 мың теңге деп көрсетті. Ал қаржыландыру көзін жергілікті бюджет есебіне сүйеген. Айта кетерлігі, «SpaceX компаниясы Қазақстан үшін арнайы жеңілдік немесе ерекше тариф енгізе ме?» деген сауалға жауапты министрліктердің ешбірі сөз қоспады.
Әзірге тақырыпқа қатысты өзгеріс тек компаниялар төңірегінде болмақ. Байқасақ, Starlink-ке бәсеке ретінде нарыққа Eutelsat-OneWeb, Amazon Kuiper, Spacecom Satellite Technology Co., Ltd келетіндей. Үкімет аталған алғашқы екеуімен меморандумға қол қойып үлгерген, қытайлық компаниямен келіссөзді биыл аяқтауға ниетті.
«Міндетіміз – байланыс нарығында бәсекеге қабілетті жағдай жасау. Бұл интернеттің сапасын және қамту аймағын жақсартатын негізгі бағыттардың бірі деп санаймыз. Қазір нақты келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бірақ әлі меморандумға қол қойылған жоқ. Қытайдың (Shanghai Spacecom Satellite – ред.) компанияларының бірі мұнда станция құруға және біздің шарттарға келісуге дайын екенін білдірді. Негізінен олар осы жерде дамуды қалайды. Биыл, 2025 жылы олармен меморандумға қол қойып, мерзімдерді нақтылауды жоспарлап отырмыз. Қазір ештеңе белгісіз. Бірақ түсінікті болуы үшін айта кетейін, осы және басқа да қытайлық компаниялар елге келуге ниет танытып отыр. Олар қазір спутниктік станцияларды іске қосу сатысында тұр, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
Дегенмен мәселе материалдық базаға келіп тірелетін секілді. Бұған дейін комитет төрағасы Starlink-те – 3000, OneWeb-те – 340 спутник барын айтып, қытайлық компанияның 50-ге жетпейтін спутникпен бәсекеде басым шығуы қиын екенін меңзеген болатын.
FWA қандай нәтиже береді?
Мемлекет ауыл мектебіндегі ахуалды тек Starlink-пен шешеді деген сөз емес. Түрлі балама тәсіл қарастырылып жатыр. Мысалы, жуырда сымсыз байланыс технологиясы (FWA) бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Жоба аясында 100-ден астам ауыл интернетпен қамтылмақ. Жүйенің артықшылығы сол, интернет жылдамдығы секундына 200-300 Мбитке жетеді. Артық жүктемені де көтере алады.
– Бұл технологияның ең басты артықшылығы – қымбат оптикалық желіні жүргізудің қажеттілігінсіз тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу. Бұл – қазақстандық ауылды цифрландырудың жаңа тәсілі, және біз бүгін Сарыбай би мысалында FWA технологиясының 5G негізінде қаншалықты тиімді әрі болашағы бар екенін көрдік. Енді осы ауылдың және басқа да ұқсас елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы сервистер мен онлайн қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады деп сенемін, – деді Жаслан Мәдиев.
Бүгінде жобаны «Қазақтелеком» ел көлемінде жүргізуге бекіп отыр. Биыл 100-ден астам ауыл жаңа технологияның игілігін көреді деп межеленген.
«Министрлік интернет ресурсына көңіл бөліп отырған жоқ»
Ауыл мектептерін интернетпен қамтудың өзге мәселесі жетерлік. Педагог Аятжан Ахметжанның пікірінше, ауыл мектептерінде интернетті пайдалану жүйесі жоқ. Оған қоса Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламасында интернетті пайдалануға көңіл бөлмей келеді.
– Министрлік оқу процесінде интернетті пайдалану және интернет ресурсындағы контенттердің сапасын арттыруға мүлде көңіл бөліп отырған жоқ. Мысалы, пандемия кезінде бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінді. Онлайн сабақтар түсіріліп, электронды қор құру идеясы жүзеге асты. Қазір сол дүниелер қайда? Осы сұрақ мазалайды. Неліктен сол кезде түсірілген онлайн сабақтар бәріне бірдей қолжетімді емес? Оқулықтың PDF нұсқасын әзірлеу цифрландыруға, интернетті тиімді пайдалануға жатпайды, – деді ол.
Сонымен қатар педагогтің пікірінше, ауыл мектебінің білім сапасын жақсарту жалғыз интернетке тәуелді емес. Шалғайдағы білім ошақтары толық интернетке қосылғанымен, қаладағы білім деңгейіне жету қиын.
– Мектептегі білім сапасын көтеру кадрға байланысты. Ауылды дамытпай, ауылға сапалы маман тарту мүмкін емес. Қазір елді мекендегі мұғалімнің көбі зейнет жасына таяған, жас педагогтер керек. Сапалы интернет - басты мәселе емес. Оқушыға интернеттегі білімді тиімді пайдалануға көмектесетін басты күш – ұстаз, – деп түйіндеді сөзін.
Еске салсақ, SpaceX Falcon 9 зымыран тасығышы ғаламдық Интернет қамту жүйесінің Starlink орбиталық тобын аяқтау үшін 23 шағын жерсеріктің кезекті партиясын орбитаға сәтті шығарылғанын хабарлаған болатын.