Ырғыз ауданының тұрғыны тасқыннан кейін салынып жатқан үйлерді видеоға түсіріп, оны 19-шілде күні таратты. Бейнематериалдан экотон кірпішінің мүжілгенін, соған қарамастан үй қабырғасы қаланып, тұрғызылғанын айтып, өз наразылығын білдірді. Осы видеодан соң Ырғыз ауданының әкімдігі ауыстырылған кірпіштердің фотосын және видеосын таратты. Видеода үйдің іші-сырты көрсетіліп, кемшіліктер жойылғанын хабарлады.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы ауылдарда салынып жатқан үйлердің саны қайта өзгерді. Бұған дейін Мамыр ауылын тарату туралы ұсыныс айтылып, тұрғындар жазбаша келісім де берген болатын. Бірақ кейін ойынан айнып, ауылда қалатынын мәлімдеген тұрғандар үшін Мамырда 6 үй салына бастады. Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәлидің айтуынша, қазіргі кезде үйлердің іргетасы қалған.
— Мамыр ауылына 6 үй салынып жатыр. Сонымен бірге кейбірі дайын үй сатып алды. Қазіргі есеп бойынша Ырғыз ауданы орталығында 51, Нұрада 63 және Мамырда 6 үй салынып жатыр. Барлығы 120 үй құрылысы басталды, — деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.