Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше және техногенді жағдайдың алдын алу үшін жиын өтіп, онда су тасқыны кезеңіндегі алғышарттар пысықталды. Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, 21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген.
- Елдімекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктері жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшық және азық-түлік қоры, уақытша орналастыру пунктерін әзірледі. Қар шығару, арықтар мен арналарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қорғаныс бөгеттері көтерілді,- деп атап өтті Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.
Еске салсақ, су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өзендерде 9 шақырымдық жағалау нығайтылып, кейбір тұсы тереңдетілді. Сонымен бірге 5 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізілді. Автомобиль жолдары бойына 23 су өткізу құбыры салынды және 3,5 шақырым жол мен 4 көпір жөнделді. Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі оның қатаң бақылауында екенін айтты.
- Су тасқыны кезеңі таяп қалды, қазір босаңситын уақыт емес. Кабинетте отырмай, ауыл мен ауланы бір ай бойы аралап, жағдайды көзбен көріп, жұмыс істеңіздер. Ауа райының қолайсыздығына біз қай кезде де дайын болуымыз шарт. Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бәріңіздің де тәжірибелеріңіз бар. Жергілікті жерде белсенділер, көпті көрген үлкендермен ақылдасып, кеңес сұраңыздар. Олар мәселені бұрыннан біледі, қай жерді су басу қаупі бар екенінен хабардар. Әр аудан және қалада жұмыс істеп жатқан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да кеңесіне назар аудару керек. «Қазгидромет» алдын ала ауа райының қандай болатынын айтып отырады, - деді аймақ басшысы Асхат Шахаров.