— Бұл талапты естіген Сарсемалиев араларында болып жатқан келіспеушілік өз пайдасына шешілмейтінін түсініп, Өтешқалиеваның талабын орындаған жағдайда өз анасының осы күнге дейін асырап келген немерелерінен айырылып қалатынын түсініп, сол сәтте Өтешқалиеваны және Қарабалинді өлтіру туралы шешім қабылдаған, — деді сот отырысында облыс прокуратурасының басқарма прокуроры Мирас Бауыржанов.
Әйелі мен балаларын Махамбет ауданындағы үйден тіркеуден шығару керек деген сылтаумен Мақсот Қарабалиннің банк қосымшасындағы жеке кабинетіне кіріп, оны өзінің телефонындағы қосымшасына қосып алған. Сондай-ақ ата-енесін өлтірмей тұрып, банктен шот ашып, зейнетақыны сол шотқа түсетіндей ауыстырып алған.
— 3 қараша 08:00 шамасында Өтешқалиева мен Қарабалиннің үй ауласындағы сарайға кіріп-шығып жүргенін көреді. Сарсемалиев сарайға кіріп, ет турауға арналған арнайы пышақты көріп, алдын ала дайындап, ыңғайлы жерге қойып қойған. 09:00 шамасында күдікті ата-енесінің сарайға кірген сәтін күткен. Сол сәтте Өтешқалиева үйден бірінші болып шығып, сарайға кірген. Сарсемалиев артынан барып, залда үй шаруасын істеп жүрген арқасынан бірнеше рет пышақтаған, — деп толықтырды прокурор.
Кейін терезеден үйден Мақсот Қарабалиннің үйден шығып, сарайға беттегінін байқайды. Оны кіреберістен күтіп алып, кеудесіне, арқасына және қолдарына бірнеше мәрте пышақпен ауыр соққы жасаған.
Сол күні түнде сарай ішіне барып, кереуеттің астын қазып, сол жерге көміп кеткен. Марқұмдардың телефондарын, алтын сақиналарын, ақшалай қаржысы мен банк карталарын меншіктеп алған.
Айыпталушы өзі жасаған қылмысты жасыру мақсатында ауылдағы туыстарына Қарабалин мен Өтешқалиеваның телефондары арқылы Атырау қаласына ем алуға кетіп бара жатқанын жазып, жалған хабарлама жіберген. Алдағы уақытта үйдің коммуналдық көрсеткіштерін сұраған жағдайда уақытылы жауап беріп, үйге қарай коммуналдық мекеме қызметкерлерін келтірмеу үшін алдын ала есептегіш құралдарды суретке түсіріп алған.
Кейін Мейрамгүл Қарабалинаға ата-анасының емге қалаға кеткенін және оны шақырып жатқанын айтып, сендірген. Осыдан соң төртеуі Атырау қаласына қайтқан.
Келесі күні Мейрамгүл Қарабалина үйде азық-түліктің жоқтығын, үйдің жағдайы нашар екенін айтып, өзінің үйіне немесе туыстарына кету туралы шешім қабылдаған.
— Осы сәтте Мейрамгүл Қарабалинаның сөздері Сұлтан Сарсемалиевтің ашуына тиген. Өзімен бірге Қызылқоға ауданынан алып келген асхана пышағымен Мейрамгүл Қарабалинаның кеудесінен, арқасынан, ішінен бірнеше мәрте ауыр соққы жасаған. Мүрдені кілемге орап, үйдің кіреберіс бөлмесіне шығарып қойған, — деді деді прокурор.
Кейін түнде Наурыз Мұқанғалиевті көмген шұңқырды қайта қазып, Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесін сонда салған.
Мақсот Қарабалинге тиесілі 4 сиыр, 2 баспақ, 4 бұзау, 17 қой мен 21 ешкіні Наурыз Мұқанғалиевтің атынан сатып жіберуді мақсат еткен.
— 2025 жылдың 13 қарашасы күні Жангелдин ауылының тұрғыны 17 бас қойды сатып алатын болып, 950 мың теңгені Мақсот Қарабалиннің банк қосымшасына аударады. Тағы бір азаматқа 4 сиырды 1 млн теңгеге сататынын жазып, ұсыныс білдірген. 10 желтоқсанда тек 2 сиырды 500 мың теңгеге алатынын айтқан, — деді прокурор.
Жалпы Мақсот Қарабалинге 1 млн 450 мың теңге материалдық шығын келтірілген.
9 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына Қапланбек өткізу пункті арқылы өтіп, бір күннен кейін Ташкент- Куала Лумпур, Куала Лумпур — Бали бағытына ұшып кеткен.
Кейін олар Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түсті.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.
Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Айта кетейік, бүгін қанды қылмысқа қатысты алдын ала сот отырысы өтті.
Прокурор Атыраудағы бүтін бір отбасының өліміне себеп болған жанжалдың қашан, қалай басталғанын айтып берді.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Сондай-ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Ақпан айының басында күдіктінің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.
Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмғаны белгілі болған еді.