Таиланд пен Камбоджа: Трамптың бейбітшілікке шақыруынан кейін де атыс тоқтар емес
АҚШ президенті Дональд Трамп Таиланд пен Камбоджа бітімге келуге дайын екенін мәлімдегеніне қарамастан, шекарадағы әскери қақтығыстар тоқтаған жоқ, деп хабарлайды Kazinform агенттігі DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы Камбоджаның Қорғаныс министрлігі мәлімдеп, тай әскерилерінің «бомбалауды тоқтатпағанын және оны жалғастырып жатқанын» атап өтті.
Ал Бангкокта Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін журналистерге қазіргі уақытта шекаралық қақтығыс бойынша ешқандай бітім болмағанын айтты. Оның сөзінше, атысты тоқтату туралы келісімді бірінші болып Камбоджа бұзған және деэскалация жасау үшін алғашқы қадамды сол ел жасауы тиіс.
Екі ел арасындағы шиеленістің жаңа кезеңі 8 желтоқсанда басталды. Сол күні Таиландтың әскери-әуе күштері Камбоджа аумағындағы бірқатар «әскери нысанына» әуеден соққы жасады. Содан бері Бангкок пен Пномпень бір-бірін келісімдерді бұзды деп өзара айыптап келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп телефон арқылы жүргізілген келіссөздерден кейін тараптар бір тәулік ішінде әскери әрекеттерді тоқтатуға келіскенін мәлімдеген.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс шамамен жүз жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді және өткен жазда қайта ушыға түсті. Қазан айының соңында АҚШ-тың арағайындығымен екі ел аймақта ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт келісімге қол қойған еді.
Айта кетсек, бұған дейін Таиланд-Камбоджа шекарасында қақтығыс қайта басталғанын хабарлағанбыз.