Жергілікті БАҚ мәліметінше, күшейтілген мониторинг енгізілгеннен бері Оңтүстік Америка елдерінен келген 470 жолаушы тексеруден өткен. Әзірге күдікті инфекция жағдайлары анықталмаған.
Бұған дейін круиз лайнерінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирустың 11 жағдайын растаған болатын. Үш адам қайтыс болды. Оқиғадан кейін жолаушылар Канар аралдары маңында эвакуацияланған.
The Nation газетінің хабарлауынша, Таиланд соңғы алты апта ішінде өңірдің 13 елінен келген азаматтарды тексеріп жатыр. Туристердің дене қызуы өлшеніп, ықтимал ауру белгілері нақтылануда.
– Қауіпті аймақтардан келген жолаушылар қызба мен бұлшықет ауруы секілді белгілер бойынша тексеріледі, – делінген жарияланымда.
Сонымен қатар билік шетелден оралған азаматтарды денсаулық жағдайын мұқият бақылауға шақырды. Егер дене қызуы көтеріліп, ауырсыну немесе ентігу байқалса, дәрігерге дереу қаралып, сапар бағыттары мен жануарлармен ықтимал байланыстар туралы хабарлау ұсынылды.
Еске сала кетсек, сәуір айында Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған круиз кемесінде жеті адам вирус жұқтырған. Олардың үшеуі көз жұмды.
Сонымен қатар Израильде Шығыс Еуропадан оралған жолаушыдан алғаш рет хантавирус тіркелді.
Бұған дейін ДДҰ MV Hondius кемесіндегі науқастармен байланыста болған адамдарға 42 күндік карантин сақтау жөнінде кеңес берген еді.
Сондай-ақ хантавирус анықталған круиздік кемеден эвакуацияланған соңғы топ Нидерландыға ұшатыны туралы жаздық.