Талдықорғанда 4,52 шақырым жылу желісі жаңартылып, екі жоба толық аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда жылыту маусымына дайындық аясында жалпы ұзындығы 4,52 шақырым жылу желісі жаңартылып, екі жобаның жұмысы толық аяқталды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

Фото: Энергетика министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Талдықорған қаласында жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған.

Атап айтқанда, «Талдықорған қаласындағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау, I кезең, диаметрі 700 мм» жобасы бойынша Жансүгіров көшесіндегі №3 сорғы станциясынан Гагарин көшесіне дейінгі учаскеде жұмыстар жүргізілді. Жоспарланған 3,5 шақырымның орнына 3,5 шақырым желі жаңартылып, жұмыс көлемі 100%-ға орындалды.

Сондай-ақ Біржан сал көшесінің бойындағы, Назарбаев көшесінен Жабаев көшесі бағытындағы диаметрі 400, 300 және 250 мм жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоспарланған 1,02 шақырымның барлығы орындалып, жұмыс көлемі 100%-ды құрады.

Осылайша, Талдықорған қаласында екі жоба аясында жалпы ұзындығы 4,52 шақырым жылу желісінде жұмыстар жүргізілді.

Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаменті 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына электр және жылумен жабдықтау нысандарының дайындығына мониторинг жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Жетісуда шетелдіктер иелік еткен 2,3 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.