Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салынуы мүмкін

Фото: Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Еліміздің Өзбекстандағы елшілігі осы елде жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Жиында екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға серпін беретін жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері зерделенді. 

Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Дилшод Расулов атап өткендей, былтыр көршілес ел Ақтауда тарату орталығын ашқан. Ол арқылы ресми Ташкент ауыл шаруашылғы өнімдерін, оның ішінде азық-түлік тауарларын Қазақстан нарығына шығармақ. Сондай-ақ аталған хабты өзге мемлекеттерге экспортталатын өзбекстандық өнімдерді уақытша сақтау үшін де қолдану жоспарланып отыр. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Бұған қоса, былтыр жазда біз Қазақстанда үкіметаралық комиссияның отырысын өткіздік. Оның аясында Астана қаласының әкімімен кездесу ұйымдастырылып, меморандумға қол қойдық. Ол құжатқа сай, өзбек тарапына елордадан жер бөлу және тиісінше осындай тәртіппен Қазақстан үшін Ташкент қаласынан жер беру жоспарланған. Ол учаскелерге сауда орталықтары салуы тиіс. Кейін сол арқылы өзбекстандық тауарларды Астанада, қазақстандық өнімдерді Ташкентте саудалау мүмкіндігі туады, - деп жоспарларын баяндады Дилшод Расулов.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Тоқтала кетейік, бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталмен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте екі ел арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.

Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанаға 1,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,8 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған.