Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Статистика агенттігінің ақпаратына сай, қаңтар-желтоқсан аралығында елдің сыртқы сауда айналымы $65,9 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,8%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 198 елімен сауда-саттық жасайды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 12,4 млрд доллардан (жалпы көлемнің 18,9%) асты.
Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 17,6% үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 11,6 млрд доллар болды.
Сонымен қатар, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндеді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,22 млрд доллардан (6,5%) асты.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 1,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,8 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған.
Еске салайық, былтыр Қазақстаннан Өзбекстанға 800 млн долларға жуық ақша аударылған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте ресми Астана мен Ташкент арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр.