Былтыр Қазақстаннан Өзбекстанға 800 млн долларға жуық ақша аударылған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Былтыр Өзбекстанға шет елдерден түскен ақша аударымдарының көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артып, 14,8 млрд долларға теңелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі, яғни 11,5 млрд доллар Ресейден түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 29%-ға көп.
Қалған ақшаны Қазақстан ($795 млн), АҚШ ($577 млн), Оңтүстік Корея ($534 млн), Түркия ($405 млн), Ұлыбритания ($135 млн) және өзге де мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген өзбекстандықтар аударған.
— Аударымдар көлемінің өсуіне экономикалық жағдайдың жақсаруы, шет елдерде жұмыс күшіне сұраныстың артуы және жоғары жалақы ықпал етті, — делінген Өзбекстан Орталық банкінің есебінде.
Еске салайық, биыл Өзбекстан үкіметі 5,2 млн адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, көрші ел билігі үстіміздегі жылы экспорт көлемін 30 млрд доллардан асыруға ниетті.
Қоса кетсек, былтыр Өзбекстанның жалпы ішкі өнім көлемі 115 млрд долларға жетті.