Былтыр Өзбекстанның жалпы ішкі өнім көлемі 115 млрд долларға жетті – Мирзиёев

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бұл туралы инвестиция және экспорт мәселелері қаралған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шавкат Мирзиеев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,5%-ға өсіп, 115 млрд долларға теңелді. Бұл ретте шетелдік инвестициялар көлемі 1,6 есе артып, 35 млрд долларды шамалады.

Сонымен қатар жалпы құны 10 млрд доллар болатын 242 ірі жоба жүзеге асты. Экспорт көлемі алғаш рет 27 млрд долларға жетті.

Кеңесте Шавкат Мирзиёев инвестиция тарту мен экспортты арттыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Мәселен, биыл халықаралық қаржы институттарының есебінен 5,2 млрд доллардың жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

Тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылау мақсатында төтенше штаб құрылады. Оған Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов төрағалық етеді.

– Еуропалық қайта құру және даму банкімен - 1,1 млрд доллар, Ислам даму банкімен 1 млрд доллардың жобаларын іске асыру келісілді. Жауапты тұлғаларға аталған банктермен ынтымақтастықты нығайту тапсырылды, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесі аяқталуға жақын.

Еске салайық, биыл Өзбекстан $43 млрд инвестицияны игеруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан билігі елдегі кедейлік деңгейін 6% дейін төмендетуге ниетті.

Мұнымен бірге Өзбекстан билігі қосылған құн салығының мөлшерін 2028 жылға дейін көтермейді.

Соңғы жаңалықтар