Өзбекстан билігі қосылған құн салығының мөлшерін 2028 жылға дейін көтермейді
Өзбекстанда 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін табыс және қосылған құн салықтарының (ҚҚС) мөлшері көтерілмейді. Тиісті жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Салық ставкаларын өзгеріссіз қалдыру шешімі бизнесті қолдауға, әділ бәсекелестік қалыптастыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.
Қазір табыс салығының базалық мөлшерлемесі - 15%. Шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін табыс салығы жоғары. Ал Өзбекстандағы қосымша құн салығының мөлшері - 12%.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесі аяқталуға жақын.
Еске салайық, келер жылы Өзбекстан $43 млрд инвестицияны игеруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Өзбекстан Сенаты елдің 2025 жылға арналған бюджетін мақұлдаған болатын. Оған сай, шоғырландырылған бюджет кірісі 431 трлн сум (шамамен $33,4 млрд), шығыстар 480,5 трлн сум ($37,3 млрд) шамасында жоспарланған.
Сонымен қатар, Өзбекстан билігі елдегі кедейлік деңгейін 6% дейін төмендетуге ниетті.