Биыл Өзбекстан үкіметі 5,2 млн адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Өзбекстан үкіметі 5,2 млн адамға жұмыс ұсынып, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан 1,5 млн тұрғынның жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдамақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, үстіміздегі жылы 60 қала мен ауданда кедейлікті жоюға бағытталған шаралар қабылданады. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің көмегімен 1,5 млн өзбекстандықты тұрақты жұмыспен қамтып, тағы 2 млн адамды бизнеске тарту жоспарланып отыр. Шағын бизнес жобаларын қолдау мақсатында 120 трлн сум (шамамен $9,2 млрд) несие бөлу көзделген.
120-дан астам ауданда тұратын табысы төмен азаматтарға орман шаруашылығы саласында жұмыс ұсынылады. Отырғызылған әрбір 100 ағаш үшін оларға 375 мың сум (шамамен $30) субсидия төленеді.
Еске салайық, Өзбекстан билігі елдегі кедейлік деңгейін 6%-ға дейін төмендетуге ниетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда 500 әйелді автобус жүргізушісі мамандығына оқыту жоспарланып отыр.
Биыл Өзбекстан экспорт көлемін 30 млрд доллардан асыруға ниетті.
Сонымен қатар, көрші ел билігі қосылған құн салығының мөлшерін 2028 жылға дейін көтермейді.