2025 жылы Qarmet компаниясы металл сынығын қайта өңдеуге арналған жеке өндірістік алаңын іске қосты. Жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асатын бұл нысан кәсіпорынның ішкі шикізат базасын нығайтып, өндірістік тізбектің тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Жаңа өндірістік алаңның қуаттылығы тәулігіне 300 тоннаға дейін металл сынығын өңдеуге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде оттегі-конвертерлік цехқа 6 мың тоннадан астам металл сынығы жөнелтілген. Соның ішінде 2026 жылдың наурыз айынан бері шамамен 700 тоннасы халықтан қабылданған қайталама шикізат үлесіне тиесілі.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы өндірісті қайталама ресурстармен қамтамасыз етудің анағұрлым тиімді, икемді әрі басқарылатын жүйесін қалыптастыруға жол ашқан.
— Металл сынығын қайта өңдеуге арналған өз алаңымызды іске қосу бізге өндірісті қайталама шикізатпен қамтамасыз етудің тұрақты әрі толық бақылаудағы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде нысан барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған: қабылдау аймағы, таразылау жүйелері, арнайы техника, гидравликалық пресс және дайын өнімді өндіріске жөнелтуге арналған логистикалық шешімдер бар. Сонымен қатар біз жеке тұлғалардан да металл сынығын бір тоннадан бастап қабылдаймыз, есеп айырысу бірден жүзеге асырылады. Бұл халық үшін ыңғайлы әрі Qarmet өндірістік цикліне қосымша көлемдегі қайталама шикізатты тартуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті компания өкілдері.
Алаңдағы өндірістік үдеріс толық технологиялық цикл бойынша ұйымдастырылған. Металл сынығы алдымен қабылданып, өлшеніп, түсіріледі. Одан кейін бастапқы сұрыптаудан өтіп, арнайы техниканың көмегімен гидравликалық пресс учаскесіне жеткізіледі. Мұнда металл сынығы тығыздалып, тасымалдауға және әрі қарай өндірісте қолдануға ыңғайлы пакет түріне келтіріледі.
Дайындалған металл бумалары партияларға біріктіріліп, компанияның өз теміржол желісі арқылы оттегі-конвертерлік цехқа жөнелтіледі. Қажет болған жағдайда металл сынығын жеткізуде мобильді тиеу-көтеру техникасы да пайдаланылады, ол материалды тікелей жеткізуші аумағынан қабылдау алаңына дейін тасымалдауға мүмкіндік береді.
Металл сынығы болат өндірісіндегі негізгі шикізат көздерінің бірі болып саналады. Оттегі-конвертерлік цехта ол сұйық шойынмен бірге балқыту процесіне түседі: металл сынығы толық еріп, жаңа болат құрамына айналады. Мұндай тәсіл қайталама ресурстарды тиімді пайдалануға, сыртқы шикізатқа тәуелділікті азайтуға және өндірістің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Qarmet компаниясы металл сынығын жеткізушілермен ынтымақтастыққа ашық екенін және заңды әрі жеке тұлғалардың ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін мәлімдейді. Металл сынығын қабылдау және қайта өңдеу алаңы Теміртау қаласы, Республика даңғылы, 1 мекенжайында, Қарағанды — Астана тасжолының бойында орналасқан. Қосымша ақпаратты 7 7213 96 53 51 телефоны арқылы немесе электрондық пошта арқылы алуға болады.
Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, металлургиялық өндірістің экологиялық тиімділігін күшейтіп, тұйық циклді экономиканың дамуына серпін беріп отыр.