Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан кейбір елдерде авиациялық отын жеткізілімінің қысқаруы себеп болып, онсыз да жанармай бағасының күрт өсуінен зардап шеккен салаға қосымша қысым түсіріп отыр.
Kpler компаниясының дерегіне сүйенсек, Иранның Ормуз бұғазын жабуы салдарынан теңіз арқылы жеткізілетін әлемдік авиациялық отын көлемінің шамамен 21 пайызы қысқарғаннан кейін, еуропалық әуе тасымалдаушылары да осындай іркілістерге дайындала бастады.
Бұған дейінгі мұнай дағдарыстары негізінен бағаның өсуіне алып келсе, қазіргі жағдай нақты жеткізілім көлемін де шектеп отыр. Соның салдарынан үкіметтер, әуе компаниялары мен әуежайлар отын беруді нормалау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
– Әуе компаниялары өкілдерімен сөйлескенімде, олардың болашаққа қатты алаңдап отырғанын байқадым. Себебі соғыстың қашан аяқталатынын да, Парсы шығанағы өңірінен шикізат жеткізілімі қашан қайта жанданатынын да ешкім білмейді, – деді авиациялық консалтингтік Endau Analytics компаниясының негізін қалаушы Шукор Юсоф.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайдан ең осал аймақтар – Азия, Еуропа және Африка. Ал АҚШ-тың ішкі қоры жеткілікті болғандықтан, оның жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты.
Азияда қазіргі таңда ең күрделі жағдай табыс деңгейі төмен әрі импортқа тәуелді нарықтарда байқалып отыр. Олардың қатарында Вьетнам, Мьянма және Пәкістан бар. Бұған Қытай мен Таиландтың авиациялық отын экспортын уақытша тоқтатуы, ал Оңтүстік Кореяның экспорт көлемін өткен жылдың деңгейінде шектеуі әсер еткен.
Малайзияның бюджеттік AirAsia X әуе компаниясы қазіргі уақытта Вьетнам әуежайларына ұшар алдында Малайзиядан қосымша отын тиеп шығуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні журналистерге компанияның бас директоры Бо Лингам мәлімдеді.
– Олар бізге мүлде отын бермей жатыр деуге болмайды, бірақ көлемін шектеп отыр, – деді ол Вьетнамға қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропалық авиациялық реттеуші орган авиакомпанияларды Иранның үстінен ұшпауға шақырды.