«Таза Қазақстан»: мектептерде су үнемдеу мәдениеті қалыптасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан «Су және білім» жобасы аясында 55 білім беру ұйымынан 67 мыңнан астам бала мен жас қамтылды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан «Су және білім» жобасы аясында 55 білім беру ұйымынан 67 мыңнан астам бала мен жас қамтылды. Жобаға 1 773 педагог тартылып, 2 843 интерактивті сабақ өткізілді, 55 мектептік су клубы құрылып, 4 876 экологиялық бастама іске асырылды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жоба нәтижесінде қатысушылардың суды үнемдеу мәселелері бойынша білім деңгейі 48,8%-дан 93%-ға дейін артты. Педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында 17 тақырыптық бөлімнен, интерактивті тапсырмалар мен практикалық материалдардан тұратын «Су сандығы» білім беру ресурсы әзірленді.

29–30 қазанда Қызылорда қаласында білім беру арқылы экологиялық мәдениет пен суды үнемдеу дағдыларын қалыптастыруға арналған республикалық семинар өтуде. Оған еліміздің 20 өңірінен білім беру саласының 250-ден астам өкілі қатысып жатыр.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Семинар барысында қатысушылар озық білім беру тәжірибелерімен алмасып, оқушылардың зерттеу жобаларын, су үнемдеу технологиялары мен экологиялық бастамаларды таныстыруда. Қызылорда облысының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне таратуға және мектептік су клубтарының желісін кеңейтуге ерекше назар аударылуда.

Айта кетелік 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 1,3 млн гектар болады.