Тәжікстанда Құрбан айт қарсаңында азық-түлік бағасын көтергендер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан ІІМ Құрбан айт мерекесі қарсаңында Душанбе қаласындағы базарлар мен сауда орталықтарында азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің 28 фактісін анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: УМВД Душанбе

Душанбе қалалық ІІБ мәліметінше, Құрбан айт мерекесі алдында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау және реттеу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылған.

Рейд пен тексеру шараларының бір күнінің өзінде милиция қызметкерлері әртүрлі азық-түлік тауарларының бағасын өз бетінше және негізсіз көтерудің 28 жағдайын тіркеген.

— Тексерулер көрсеткендей, бірнеше мәрте ескерту жасалғанына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер өкінішке қарай жеке пайдасын заң талаптарынан жоғары қойып отыр, — деп хабарлады ведомство.

Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерді тауар бағасын негізсіз көтеруден бас тартуға тағы да шақырды. 

Айта кетелік ҚМДБ қарызданып құрбан шалуға болмайтынын айтқан еді.