НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 76-орында тұрған италиялық Сальваторе Карузомен күш сынасты.
Матчты сәтті бастаған Бублик бірден брейкпен алға шықты – 2:0. Ол бірінші партияда осы басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:3.
Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды – 4:2. Ақыры матчты жеңіспен аяқтады – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 8 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры 300 мың еуроға бағаланған доданың екінші айналымында Беларусь елінің өкілі, әлемнің 78-ракеткасы Егор Герасимов немесе рейтингте 271-сатыдағы франциялық Тристан Ламазиннің біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Әбу-Даби турнирін жеңіспен бастағанын, Зарина Диястың ұтылып қалғанын, Елена Рыбакинаның екінші айналымға шыққанын жазған едік.
Ал Ярослава Шведова жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).