НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Әмір Омарханов Баку қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ITF Juniors турнирінің финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, 13 жасар Ә.Омарханов жартылай финалда ресейлік Виктор Кузнецовпен күш сынасты.
Әмір бірінші партияда тай-брейкте ептілік танытты – 7:6. Есесіне екінші сетте ресейлік теннисші есе қайырды – 6:1.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 6:4.
Ә.Омарханов финалда әзербайжандық Тамерлан Азизов немесе ресейлік Степан Яромскийдің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.
Атап өтетін жайт, аталмыш жарыста Әмір өзінен 3-4 жасқа үлкен теннисшілермен ойнап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатов пен Дмитрий Попконың Киев турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әмір Омарханов Баку турнирінің жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).