НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик Цинциннати (АҚШ) турнирінде жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коронавирус қатеріне байланысты Нью-Йоркта өтіп жатқан, жүлде қоры 4,6 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың алғашқы айналымында А.Бублик әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кездесті.
Турнирдің 11-ракеткасы болып тіркелген К.Хачанов 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол матч барысында екі мәрте брейк жасай білді.
Бәсеке 1 сағат 24 минутқа созылды.
Бұл теннисшілердің өзара бірінші кездесуі еді.
К.Хачанов үшінші айналымға шығу үшін испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен шеберлік байқасады.
Цинциннати додасында Қазақстаннан тек Юлия Путинцева ғана қалды. Ол қытайлық Чжан Шуаймен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінде жеңіліп қалғанын, қазақстандық теннисшінің Италияда жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).