НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana Open ATP 250 турнирінің тұңғыш чемпионы, аустралиялық теннисші Джон Миллман қонақжайлылық көрсеткен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Д.Миллман турнирді ұйымдастырушылардың бәріне Twitter-дегі парақшасында алғыс айтты.
«Сіздер өте ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Алғаш рет ATP деңгейінде өткен жарыста жеңімпаз атанғаным үшін бақыттымын. Қазақтардың қонақжайлылығы бұл жеңісті ерекшелей түсті», деп жазды Д.Миллман.
Қазіргі кезде рейтингіде 38-орында тұрған аустралиялық теннисші Париж мастерс турниріне қатысуда. Ол бүгін елорда додасында бақ сынаған тағы бір танымал спортшы, әлемнің 42-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open турнирінің тұңғыш чемпиондары анықталғанын, Михаил Кукушкиннің әлемдік рейтингіде төрт сатыға жоғарылағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).