Жұптық кездесуде Қазақстаннан Галина Воскобоева мен Анна Данилина, Қытайдан Чжэн Сайсай мен Чжаосюань Ян шықты.
Матчта есепті теңестіргеннен кейін шешуші бәсекеге қытайлықтар өзгеріс енгізіп, үздіктерін қосты.
Бірінші партияда есеп 5:5 болғанда, қазақстандық жұп брейк жасай алды. Содан кейін өз геймдерін құр жібермеді - 7:5.
Екінші сетті Воскобоева мен Данилина брейкпен бастап, өз геймдерін де алды - 2:0. Тағы бір брейк - 3:0. Тағы да брейк - 5:0. Бұдан кейін қазақстандық жұп қарсыластарына ес жиғызбады - 6:0.
Осылайша Қытай құрамасын 2:1 есебімен қазақстандықтар (капитаны Диас Досқараев) екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Еске сала кетейік, Астанада өтіп жатқан Федерация кубогы үшін іріктеу кезеңінде Қазақстан - Үндістан матчын Зарина Дияс жеңіспен бастап, Юлия Путинцева жалғастырды. Сондай-ақ Галина Воскобоева мен Анна Данилина жұптық кездесуде ұтты, ал ерлер арасында Александр Бублик Будапешт турнирінің жартылай финалына шықты. Бүгін Зарина Дияс қарсыласын тізе бүктірді.