Теннис: Недовесов Алматы турнирін жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Недовесов Алматы челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысқа екінші айналымнан қосылған әлемнің 189-ракеткасы А.Недовесов дүниежүзілік рейтингте 323-орында тұрған аргентиналық Андреа Колларинимен кездесті.

Турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы қарсыласын 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.

Кеше дәл осы А.Колларини қазақстандық Тимофей Скатовты ұтып кеткен болатын.

Андрей Голубев те испаниялық Никола Кунның мысын баса алмады.

Бүгін тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 308-орында тұрған Денис Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 274-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслерге тартысты матчта 3:6, 6:4, 4:6 есебімен есе жіберді.

Осылайша А.Недовесов Қазақстаннан жекелей сында Алматы турнирінде жалғыз қалды. Ол ширек финалға шығу үшін әлемнің 214-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловский немесе рейтингте 334-орындағы хорватиялық Анте Павичтің біреуімен таласады.

Алматы турнирі 9 маусым күні мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ерлер арасында челленджер турнирі басталғанын, Михаил Кукушкиннің жұптық сында «Ролан Гаррос» жарысының жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.