Теннис: Юлия Путинцева жұптық сында Уимблдон турнирін жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева жұптық сында Уимблдон турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ресейлік Анна Калинскаямен бірге алғашқы айналымда аустралиялық Саманта Стосур – америкалық Коко Вандевегемен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:3).

Екінші сетте әлдеқайда басымдылық танытты – 6:3.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матч барысында Ю.Путинцева мен А.Калинская 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қарсыластары 10 брейк-пойнттың төртеуін ғана өз есептеріне жаза алды.

Қазақстандық-ресейлік жұп үшінші айналымға шығу үшін осы жарыстың бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен таласады.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс аустралиялық Арина Родионовамен бірге екінші айналымда ресейлік Варвара Грачева – грузиялық Оксана Калашниковаға 3:6, 1:6 есебімен жол берді.

Ерлер арасында жұптық сында қазақстандықтар Александр Бублик пен Александр Недовесов тартысты матчта бразилиялықтар Рафаэль Матос –Тьяго Монтейродан 4:6, 6:3, 12:13 (4:7) есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастағанын, Александр Бубликтің әлемнің 21-ракеткасын ұтып, үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Андрей Голубев жұптық сында екінші айналымға шықты.

Қазақстанның жас жұлдызы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Берлин турнирінің финалына шықты.

Елена Рыбакина өз спорттық жолында Уимблдонда алғаш рет төртінші айналымға шықты.