Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Арыстанбекова украиналық Дарья Есипчукпен бірге барлығы төрт кездесуін жеңіспен тәмамдады.
Қазақстандық-украиналық дуэт финалда румыниялықтар Стефания Божика — Анастасия Сафтамен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияны Арыстанбекова — Есипчук 6:4 есебімен өз пайдасына шешті.
Екінші сетте румыниялық жұп қарымта қайырды — 6:3.
Супер тай-брейкте А.Арыстанбекова — Д. Есипчук жеңісті жұлып алды — 10:8.
Осылайша, қазақстандық теннисші спорттық жолында ересектер арасында 11-інші титулына ие болды. Соның ішінде тоғызы жұптық сындағы чемпиондық атақ еді.
Тағы бір қазақстандық Екатерина Дмитриченко жұптық сында түркиялық Ирем Куртпен бірге Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 додасында топ жарды. Олар финалда ресейліктер Полина Старкова — София Суслованы қапы қалдырды — 6:2, 6:4.
Сөйтіп, сенбі күні Жібек Құламбаеваның Колумбиядағы жеңісін қоса есептегенде, қазақстандық теннисшілер жұптық сында үш бірдей турнирде үздік шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Колумбиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ WTA қорытынды турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды.