АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 325-ракеткасы, 22 жастағы Бейбіт Жұқаев АҚШ-тың Литтл-Рок қаласында өтіп жатқан челленджер жарысының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда отандасы, рейтингте 296-орында тұрған Михаил Кукушкинмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда 35 жастағы тәжірибелі М.Кукушкин тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6).
Екіншісінде Б.Жұқаев есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болып, Бейбіт матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен содан кейін брейкпен тағы алға кетті – 6:5. Бұл жолы ол мүлт кеткен жоқ – 7:5.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Б.Жұқаев 16 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. М.Кукушкин 3 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Б.Жұқаев финалға шығу үшін әлемнің 288-ракеткасы, аустралиялық Адам Уолтонмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың ширек финалында кездесетінін жазған едік.
Ролан Гарроста Қазақстан теннисші қыздары үздік үштікке енді.
Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінде АҚШ чемпионына жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).