НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нью-Делиде жасөспірімдер арасында командалық әлем чемпионаты іріктеу сайыстарының топтық кезеңі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің жас теннисшілері D тобында соңғы матчын Таиланд құрамасымен өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тобынан 1-орынмен ширек финалға жолдама алды. Ертең қазақстандықтар жартылай финалға шығу үшін Оңтүстік Кореямен таласады.
Жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының (әлем чемпионаты) финалдық кезеңіне тек үш команда ғана жолдама алады. Сондықтан, алға қойған мақсатқа жақындай түсу үшін ертең тек жеңіс керек. Бұдан бұрын қазақстандықтар өз тобында Вьетнам мен Шри-Ланкадан айласын асырған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ал, Германия құрамасының капитаны Рыбакина мен Кербердің ойыны қызықты болатынын айтқан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).