Теңіз кен орнындағы апаттан қанша шығын келді

Фото: Әлеуметтік желіден

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Теңіз кен орнында өрттің салдары жайында түсінік берді.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтату қалай әсер еткені сұрады. 

- Егер көлемі жайында айтсақ, шамамен 900 мың тонна өндірілмей қалды. Атап айтқанда, Королев кен орнын қайта іске қостық, Теңіз жоспарлы түрде жұмысын бастап жатыр... Жалпы, ақшалай шығындарды әртүрлі тәсілмен есептеуге болады. Есептеу механизмі күрделі, яғни роялти, салық, республиканың үлесі бар. Сондықтан, барлық жөндеу жұмысын аяқтап, келген шығынның толық көлемін анықтағаннан кейін, барлық мәліметті жариялаймыз, - деді Е. Ақкенженов.

Оның айтуынша, қазіргі шығынды немесе қалып қойған өндіріс көлемінің орнын толтыру мүмкіндігі бар. 

- Кеше Chevron корпорациясының басшылығымен кездестім, оның алдында «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргіздім. Олар бұл көлемді еңсеруге уәде берді. Сондықтан, жыл нәтижесі бойынша Қазақстан ештеңе жоғалтпайды деп ойлаймын, - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт болып, 450-ден аса жұмысшы эвакуацияланған еді.

Ал бір күннен кейін ТШО Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді. 

26 қаңтарда Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта жанданғаны хабарланды.