АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 150-ракеткасы Тимофей Скатов Сан-Марино челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Тимофей Скатов екінші айналымда әлемнің 115-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненге тап келді.
Матч 6:2, 6:4 есебімен Тимофейдің пайдасына шешілді.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Скатов 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Виртанен 7 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін Перу өкілі Хуан Пабло Варильяс немесе италиялық Франческо Маэстреллидің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Сан-Марино турнирінде алғашқы қарсыласын жолдан тайдырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).