АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Тимофей Скатов Нонтхабури (Таиланд) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 288-ракеткасы, франциялық Флоран Бакспен ойнады.
Қазақстандық теннисші 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Скатов 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Бакс 2 эйспен шектелді.
Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемнің 303-ракеткасы, ресейлік Марат Шарипов немесе рейтингіде 373-орындағы испаниялық Пол Мартин Тиффонның қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 104-ракеткасы Александр Шевченко Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінің ширек финалында рейтингіде 36-сатыдағы франциялық Уго Умберге жол берді — 0:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық біріншілігіндегі қарсыластары анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).